Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керек, осыны тайға таңба басқандай айқындап берді. Осы арқылы мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптар жоғарылады. Ол жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деген бес бөлімнен тұрады.
Әдеп қағидаларын заңнамалық тұрғыдан бекіту жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді. Әдеп кодексі мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде адамгершілік және мораль мәселелеріне жақын. Әдеп қағидаттары мен стандарттарының сақталуы қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімнің артуына ықпал етеді. Мемлекеттік қызметшілердің әдебі олардың жоғарғы кәсіби, моральдық-адамгершілік қасиеттері жалпы мемелекеттік қызмет туралы оң көзқарасты қалыптастырады.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді.
Мемлекеттік қызметкердің моральдық-әдептілік бейнесіне өзіне тән талаптар қояды. Мемлекеттік қызметкер өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны-Қазақстан Республикасына қалтықсыз әрі адал қызмет етеді. Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайды.
Жамбыл облысы әділет департаменті Сагиндикова Карлыгаш Мухиткызы