Главные новости сегодня

Тараз
Курс:
К сведению 29 мая, 14:17

Есірткі - қоғам қасіреті

Қазіргі заманда елімізде нашақорлыққа қарсы қылмыс ең күрделі мәселе болып табылады.
Нашақорлық — қоғамды толғандыратын ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі, ал ең қауіпті қылмыстардың бірі-есірткі заттарын сату. Өйткені қоғамымызда бұл зиянды затқа құмарлық танытушылар саны күн санап көбеюде. Адам денсаулығын құртып, сананы улайтын аталмаш затқа әсіресе жастар мен жас балалардың әуес болуы үлкен алаңдаушылық туғызады.

«Есірткі» (наркотик) — сөзі гректің «narkotikos» сөзінен шыққан, яғни «елітетін», «мас ететін» деген мағынаны білдіреді. Есірткі құралдарына – табиғаты әр түрлі заттар тобының түрлері болып саналатын бүтіндей өсімдіктер, яғни сора, көкнәр, эфедраның ұнтақталған бөліктері кіреді. Оның ішінде сора өсімдігінен (марихуана, гашиш), көкнәрдан (апиын), заңсыз дайындалған синтетикалық есірткі құралдары (героин, амфетамин және оның туындылары) жатады. Бұларды өз бетінше, медициналық мақсаттан бөлек теріс пайдалану – нашақорлыққа соқтырады.

Нашақорлық дегеніміз – адамның есірткіге тәуелділігі. Бұл дерт организмнің тіршілік етуі үзілмей, оны белгілі дәрежеде ұстап тұрып есірткіні үнемі тұтынуға және дене мен жүйке қызметінің әбден әлсіреуіне алып келеді.
 
Нашақорлық адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатердің бірі десем қателеспеймін.
Қазір әр елде есірткі мәселесін шешу үшін көптеген шаралар қабылданған. Есірткіге байланысты қылмыстарға күрес жүргізу, әрине, ең алдымен, өзінің тұтынуы үшін сатып алатын адамдарды емес, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды, таратушылар мен сатушыларды анықтап, жолын кесуге, осы арам бизнесті дөңгелетіп отырған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, әділ жаза тағайындауда.
 
Ал, есірткіні өзі тұтынатын адамдарға қатысты мемлекеттік деңгейде шара қолданылып, оларды мәжбүрлі түрде емдеу мәселесін қолға алу керек.
Осы орайда оқырмандарымызға психотроптық заттар және прекурсорлар дегеніміз не екендігі туралы қысқаша түсінік бере кетейін.

Психотроптық заттар дегеніміз – адамның жүйке жүйесіне әсер ететін және фармакологиялық қасиеттері мен химиялық құрамына байланысты адам ағзасын еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін заттар. Мұндай күйге түскен адам қылмыстардың небір сорақы түрлерін істеуге дейін барады.
Прекурсорлар дегеніміз – есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өндіруге, дайындауға, өңдеуге пайдаланылатын заттар.

Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық келісімдеріне, оның ішінде БҰҰ-ның 1988 жылғы Есірткі құралдары және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Конвенциясына сәйкес, республика аумағында қатаң бақылауға алынған. Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шілдедегі №279-1 «Есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар туралы» заңына сәйкес, барлық есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар төрт тізімге біріктірілген.

Бірінші тізімде қандай да болмасын мақсатта пайдалануға тыйым салынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Екінші медициналық мақсатта пайдаланылатын және қатаң бақылауға алынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Үшінші медициналық мақсатта пайдаланылатын және бақылауға алынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Төртінші айналымы бақылауға алынған прекурсорлар тізімделген.

Қазіргі таңда, есірткі жастарға қол жетімді болып отырғаны, Қазақстан аумағына жаңа, оның ішінде өте күшті әсер ететін есірткілердің әкелінуі алаңдатып отыр. Олардың біреуі – психотроптық заттардың жаңа синтетикалық аналогтары – синтетикалық каннабиноидтар. Синтетикалық каннабиноидтар дегеніміз – ол өсімдік каннабиноидтарының құрылымы бойынша тектігі бірдей және фармакалогиялық әсері ұқсас синтетикалық препараттары. Бұл препараттар адамды ынталандыру, депрессиялық және елестеушілік күй жағдайға түсіреді. Шегетін қоспалар ароматикалық құрал түрінде көбінесе интернет-магазиндер арқылы сатылады. Шегетін қоспаларды дайындау тәсілі – құрғақ шөптерді химиялық заттар, ароматизаторлар, витаминдер және синтетикалық каннабиноидтармен малтып дайындайды. Қазіргі таңда 160-тан жоғары синтетикалық каннабиноидтарының түрлері белгілі және жаңа түрлерінің синтезы үнемі өсуде. 

Кез-келген қылмыстың алдын алу, жолын кесу қылмыстылық профилактикасы бүгінгі таңда ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет пен қоғам үшін адамды қылмыс жасағаны үшін жазалағаннан гөрі, сол қылмыстың алдын алу немесе оны болғызбаудың жолын қарастыру немесе қылмыстың жасалыну себебін жою әлдеқайда жеңіл, әрі тиімді. Бұл есірткі қылмысына қарсы күресте де аса өзекті мәселе болып отыр.
Есірткілердің заңсыз айналымы саласында жағдайдың нашарлауы қоғамға қауіп төндіреді. Сот тәжірибесінде есірткімен байланысты қылмыстың түрі көп. 
Мысалы, сотталушы Ш. Шу ауданы, Алға ауылына қарасты «Тақыр» атты жер учаскесінде жабайы кендір қурай өсімдіктерінің табиғи түрде көп мөлшерде өсетіндігін біліп, түнгі сағат 00:00 шамасында өсіп тұрған жабайы қарасораны өзімен бірге алып келген орақпен орып, сол маңға жинаған. Алайда, Б-ның қылмыстық әрекеті Жамбыл облысы ПД АЕҚҚІБ және Шу аудандық ПБ қызметкерлерімен «Қарасора 2024» іс-шарасын жүргізу барысында әшкереленіп, жеке басына және аумаққа кейінге қалдырылмайтын негізде тінту тергеу амалын жүргізу барысында темір материалдан жасалынған қызыл түсті қол орақ, Б-ның ұсынуымен өткір иісі барөсімдік тәріздес жасыл түсті зат алынды. Есірткі құралдарын психотроптық заттар және прекурсорларды сот-сараптамалық зерттеу қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 188 кг. «сора өсімдігі» болып табылатын кептірілмеген есірткі заты екені анықталды.

Сот үкімімен Б. ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен, яғни аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сотталушы Т. танысы М. екеуі Алматы қаласының ішінде «Саялы» ықшам ауданы аумағынан кетіп бара жатып тергеумен анықталмаған автокөліктен жолдың шетіне қарай сайға бір заттардың лақтырғанын көрген. Өз кезегінде Т. лақтырған заттарға қызығушылық танытып, заттар өзіне қажет болып қалуын ойлап, көруді жөн санаған. Осыдан кейін автокөлігін тоқтатып, сайға түсіп үлкен чемодан ішінде және полиэтилен пакеттерде есірткі заттары салынғанын көрген. Т., өзі есірткі затын шегу арқылы тұтынатын тұлға болғандықтан, тауып алған заттардың есірткі заты екенін бірден түсінген. Осы кезде Т. оңай жолмен пайда табу мақсатында, аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сақтау және тұрғылықты жері Астана қаласына тасымалдау қылмыстық құқық бұзушылық ойы туындаған. Осы қылмыстық бағыттағы пиғылын жүзеге асыру үшін ол, танысы М-ның автокөлік ішінде ұйықтап жатқанын көріп, айналада өзіне кедергі жасайтын тұлғалардың жоқтығына нақты көз жеткізіп, аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын автокөлігіне тасып, автокөлікке заңсыз салған. Ертесіне, Т. аса ірі мөлшердегі есірткі затын заңсыз тасымалдау үшін, ұялы телефонына жүктелген «In Drivе» мобильдік қосымшасы арқылы Алматы қаласынан Қарағанды қаласына дейін жолаушылар тасымалдаумен айналысатын автокөлік жүргізушілерін іздеген және автокөлікті толықтай жалдайтыны туралы хабарлама жариялаған. Өз кезегінде Т-ның қылмыстық іс-әрекетінен бейхабар болған, жолаушылар тасымалдаумен айналысатын К., хабарламаны көріп, Т-ға хабарласып келіскен. Т. өзінің қылмыстық іс-әрекеті әшкереленбес үшін, автокөлігінде заңсыз сақтаған аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын полиэтилен пакетке салынған күйінде өзінің чемоданына салған. Осыдан кейін барлық затты автокөлігімен заңсыз тасымалдап Қарасай ауданы, Береке ықшам ауданына алып барған. Осы жерге жүргізуші К-ны шақыртып, соңғының назарынан тыс, өзінің киімдері екендігін жалған айтып сендіріп, есірткі затын автокөлігіне артқан. Осылайша Т. есірткі заттарын автокөлікке тиеп алып, өзінің қылмыстық іс-әрекетінен бейхабар болған М. екеуі автокөлікке отырып, Алматы қаласынан Қарағанды қаласына қарай бағытқа жолға шыққан. Алайда К. басқарған автокөлікті Мойынқұм ауданы аумағындағы «Алматы-Екатеренбург» тас жолының 351 шақырымында полиция қызметкерлері тоқтатып, арнайы қызметтік итпен тексеру барысында Т-ға тиесілі есірткі заттары табылған, заттай дәлелдеме ретінде алынған, салмағы 43800,00 грамм «кептірілген марихуана» есірткі заты екені анықталған. 

Сот үкімімен Т. ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, осы бап бойынша 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бұл сот тәжірибесіндегі санаулы ғана мысал. Нашақорлықтың қоғам дертіне айналғаны соншалық, қылмыстық қудалау органдарында нашақорлық қылмысы күн сайын тіркелуде. Кептірілген шөптен, синтетикалық заттар және олардың прекурсорларын жеке пайдалану және оларды тарату жастардың арасында кеңінен таралып, оңай ақша табудың көзі болып отыр. Осыған орай, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын көбірек жүргізіп, әрбір ата-ана үйіндегі баласына бұл дерттің өзектілігі мен арты қандай жамандыққа алып келетіндігін түсіндіруі тиіс.

Әбітхан Анарбаев, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы