Главные новости сегодня

Тараз
Курс:
К сведению 30 апр, 17:16

АТА ЗАҢ МӘРТЕБЕСІ

Конституция, Ата Заң – Мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң немесе заңдар тобы. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады.

Кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұратын Конституция еліміз егемендік алғаннан бергі көптеген құқықтық нормаларды: халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдарын – Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды.

Конституциялық тәртіп пен заңдардың әділеттілігін қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты міндеті. Мемлекеттік, қоғамдық, жеке ұйымдар, лауазым иелері және барша азамат Конституция үстемдігінің сақталуына аса мүдделі.

Конституция талаптарының сақталуын қадағалау әртүрлі мемлекеттік органдар мен лауазым иелеріне жүктелген. Бұл – олардың негізгі міндеттері.

Қазақстанның конституциялық бақылауды қалыптастырудағы алғашқы және маңызды қадамы осы еуропалық модельге негізделген. Алғашында осы модельдің германдық түріне басымдық беріліп, елімізде Конституциялық сот құрылды. Ал 1995 жылғы Конституция бойынша бұл модельдің француздық түріне негізделген квазисоттық орган – Конституциялық кеңес дүниеге келді.

Қазақстанда алғаш құрылған Конституциялық сот үш жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істегеніне қарамастан, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етумен қатар заңдылықты нығайтуда, сондай-ақ конституциялық бақылауды дамытуда айтарлықтай із қалдырды. Ең әуелі, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарына тікелей әсер ететін мәселелер бойынша осы сотқа жүгінуге құқылы болды. Бұл Конституциялық соттың қызметі конституциялық бақылауды жүзеге асырудың еуропалық моделіне толық сәйкес келетін. Әйтсе де, бұл органның жойылуы құқық теориясынан тыс себептерге байланысты болды деп пайымдауға болады. Одан кейін құрылған Конституциялық кеңес жиырма жылдан астам уақыт қызмет етіп, еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен конституциялық бақылауды дамытуға айтарлықтай үлес қосты.

2022 жылы маусымда өткен Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдумда қоғам еліміздегі конституциялық бақылауды Конституциялық сот жүзеге асыруы қажеттігін қолдады. Азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударған Мемлекет басшысы 2022 жылы наурыз айындағы Жолдауында Конституциялық сот құру туралы ұсынысты жариялады.

Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты еліміздегі Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін, дербес және тәуелсіз, мемлекеттік орган – Конституциялық соттың мәртебесі мен оның құзыретін белгілейтін арнайы конституциялық заң қабылданды. Сондай-ақ, заңда Конституциялық сотқа азаматтармен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жүгіну тәртібі де нақтыланған. Шын мәнінде, бұл – Қазақстанның конституциялық-құқықтық заңнамасындағы тың жаңалық. Заңның конституциялық сот ісін жүргізуді реттейтін баптары 2023 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.

Конституциялық соттың заңда белгіленген құзыретінің ауқымы мен оны жүзеге асырудың тетіктері Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Қалай дегенмен де, әділетті мемлекет – ең әуелі әділетті заңдар, олардың ережелерін мүлтіксіз орындау, соның нәтижесінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету екені анық.

А.Қайратбекұлы, Тараз қаласы №2 сотының судьясы