Главные новости сегодня

Тараз
Курс:
К сведению 07 мар, 11:08

Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі.

Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңы Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

Осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілері жүйесін айқындайды, нормативтік құқықтық актілердің және нормативтік емес құқықтық актілердің құқықтық мәртебесінің аражігін ажыратады.

Сонымен қатар, құқықтық актілер мынадай жалпы талаптарға сай келуге тиіс:
1) нормативтік немесе жеке-дара билік ететін құқықтық нұсқамаларды қамтуға;
2) республикалық референдумда не осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен қабылдануға;
3) айқындалмаған тұлғалар тобына немесе жеке-дара айқындалған тұлғаларға арналуға;
4) қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталуға;
5) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің туындауына, оларды өзгертуге, толықтыруға немесе тоқтатуға бағытталуға.

Осы Заңда, келесі ұғымдардың бірі пайдаланылады:
нормативтік емес құқықтық акт – құқық нормасын қамтымайтын, белгіленген жазбаша немесе өзге де нысанда өз құзыреті шегінде қабылдаған, жеке айқындалған тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын не нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме беретін уәкілетті органның шешімі, сондай-ақ жеке қолданылатын құқықтық акт немесе мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық акт;
нормативтік құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкілетті орган қабылдаған, құқық нормаларын белгілейтін, олардың қолданылуын өзгертетін, толықтыратын, тоқтататын немесе тоқтата тұратын, белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімі – Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу нөмірі мен деректемелері қамтылған тізбе.

Жоғарыдағы айтылғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2024 жылғы 8 қазандағы №837 бұйрығымен «Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы № 408 бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілер келесідей: 
1. "Қызмет бабында пайдалану үшін", "Баспасөзде жарияланбайды", "Баспасөзге арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер.

2. Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.

3. Бюджет түсімдерін бюджет деңгейлері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шоты, жәбірленушілерге өтемақы қорының, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының және Еуразиялық экономикалық одаққамүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлу кестесін бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.

4. Республикалық немесе жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің оларды өткізуден түсетін ақшасы өзінің иелігінде қалатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) тізбесінің сыныптауышын бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.
5. Желі, штаттар, контингенттер туралы мәліметтерді жасау жөніндегі нұсқаулықты бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.

6. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақы және әлеуметтік қолдау көрсету туралы нормативтік құқықтық актілер.

7. Жайылым айналымы схемаларын бекіту жөніндегі, сондай-ақ жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша жоспарды бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық актілер.
 
8. Қауымдық сервитуттарды белгілеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілер.

9. Уәкілетті орталық мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актісі негізінде әзірленген және қосымша құқық нормасын қамтымайтын, сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде орналастыру тәртібі мен шарттары туралы қағидаларды бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық актілер.

10. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық актілер.
 
11. Үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғамайтын мемлекеттік органдардың, олардың қарауындағы ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұлттық операторлардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер.
 
12. Әкімшілік-аумақтық бірлікке, құрамдас бөліктерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы нормативтік құқықтық актілер.
 
13. Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және (немесе) жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы жергілікті өкілді органдардың нормативтік құқықтық актілері.
 
14. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы пилоттық жобаларды іске асыру туралы нормативтік құқықтық актілер.
 
15. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізілімін бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық акт.
 
16. Тиісті қағидалар, әдістемелер не басқа нормативтік құқықтық актілер негізінде айқындалатын квоталарды, лимиттерді, бағаларды, тарифтерді, тарифтік мөлшерлемелерді, нормаларды, нормативтерді, өлшемдерді, оның ішінде олардың шекті не ең төменгі мәндерін бекіту (айқындау, белгілеу) туралы нормативтік құқықтық актілер.
 
17. Нормативтік техникалық құжаттарды бекіту туралы нормативтік құқықтық актілер.
 
18. Мемлекеттік білім беру тапсырысын, студенттерді, магистранттар және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысын бекіту, бөлу және орналастыру бойынша нормативтік құқықтық актілер.
 
19. Кәсіптік стандарттарын және бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамаларын және жұмысшылардың кәсіптерін, басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын бекіту туралы нормативтік құқықтық актілер.

Жамбыл облысының Әділет департаменті А.Б.Нурмаханбетова