Главные новости сегодня

Тараз
Курс:
К сведению 01 окт, 14:30

Мемлекеттік тіл

Мемлекеттік тіл - көпұлтты (көптілді) мемлекетте халықтың ұлттық құрамына қарамай іс қағаздарын, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту, мәдениет, баспасөз бен байланыс (почта, телеграф т. б.) орындарында, құқық қорғау мен әскер бөлімдерінде, сот істерін жүргізу т. б. міндетті деп саналатын саяси-құқықтық қасиеті бар мәртебелі тіл. Мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту және оның қолдану аясын (сфера) кеңейту үшін мемлекет тарапынан белгілі бір уақытқа жоспарланған жан-жақты бағдарламалар жасалады. Мемлекеттік тіл әрдайым мемлекеттің қорғауында және оның қамқорлығында болады. Демократиялық қоғамды белгілі бір тілге мемлекеттік мәртебеге (статус) беру оның басқа тілдерге қысымшылық көрсету болып табылмайды. Бұл туралы Республикамыздың Тіл туралы Заңында (1997 ж.) анық айтылған. Кеңес заманында КСРО-ның Конституциясында және басқа да мемлекеттік құжаттарда ашық айтылмаса да, орыс тілі іс жүзінде (де-факто) мемлекеттік тіл функцияларын орындады. Орыс тілінің осындай ерекше ролі геральдикалық әдіспен анықталады. Мысалы, КСРО-ның елтаңбасы мен ақша бірліктерінде орыс сөздер үлкен әріппен беріліп, басқа ұлттық тілдердегі лексемалар кіші әріппен берілгені дәлел бола алады. Кейбір көпұлтты (көптілді) мемлекеттерде тілге берілетін мәртебе басқаша аталуы мүмкін: ресми тіл, ресми түрде қолданылатын тіл, ұлттық, конституциялық және аймақтық тілдер. Осыған байланысты "көпұлтты" және "көптілді" деген терминдердің синоним сөздері ретінде қолданылуын сөйлеу тіліміздегі қателердің бірі деп қараған жөн. Кезінде КСРО (Югославия т.б.) көпұлтты мемлекет болатын, себебі Одаққа өздерінің белгілі бір территориясы, шекарасы, басқару-әкімшілік органдары бар субъектілер енген болатын. Ал Қазақстан жайында ол басқаша, мұнда жоғарыда көрсетілген Одаққа тән ерекшеліктер болған жоқ, сол себептен де Республикамыз, әлеуметтік тіл білімі тұрғысынан қарағанда көпұлтты емес, көптілді елдер санатына жатады деу шындыққа сәйкес келеді. Көпұлтты елдердің қатарына жататын мемлекеттің субъектілері (ұлттық республика, облыс, аймақ т. б.) өздерінің ұлттық тілдеріне мемлекеттік мәртебе беруге құқылы болса, көптілді елдерде мүндай еркіндік жоқ. Себебі көптілді елдің құрамына диаспора ретінде енген ұлт-ұлыстардың қалыптасуы солақай саясаттың, депортация т. б. нәтижелері болуы мүмкін, яғни бұл құбылыстардың тарихи мән-мазмұны жоқ. Сол себептен Қазақстанда мемлекеттік қостілділік қабылданбай, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, орыс тілі ресми түрде қолданылатын тіл болып жарияланды.

Ж. Рамазанова, Тараз қаласы  №2 сотының судьясы