СОТ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАМАҚ ЕМЕС.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2009 жылғы 27 ақпандағы «Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімін республикамыздың барлық соттарына орындау міндеттелген және бұл Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қатаң бақылауында. Осындай бағыт-бағдарламалар негізінде іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы талаптың нақты орындалуы Тараз қаласы №2 сотында күн тәртібінен түспейтін басты мәселе, шешімін табуда кезек күттірмейтін өзекті тапсырма.
Тараз қаласы №2 соты тарапынан іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру мақсатында нақты қадамдар жасалып келеді. Ең алдымен, барлық мемлекеттік органдар мен мекмелерге іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді қолға алу туралы нақты, түсінікті тапсырмалар беріліп, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру және мекемеаралық, сотаралық құжаттар айналымын, кіріс-шығыс хат-хабарлар алмасуды мемлекеттік тілде жүргізу басты назарға алынып, тұрақты бақылауға қойылды. Бұл мәселе өзіміздің облыстық, қалалық, ауданаралық және оған теңестірілген соттар арасында да төрағалармен, судьялармен, ұжыммен жүйелі түрде талқыланып отырады. Тапсырмалардың орындалуын, сонымен бірге, сот актілерінің мемлекеттік тілде сапалы жазылуын қадағалап отыратын сотта мемлекеттік тіл бойынша жауапты судья мен маман бекітілген. Тілге қатысты барлық жұмыстар жүйелі түрде атқарылуға ден қойылып, талданып, олар облыстық соттың аралық отырыстарында талқыланып, кемшіліктер мен олқылықтарға тиісінше баға беріліп, шаралар қолданылуда.
Мемлекеттік тілдің соттың іс жүргізуіне толық енгізіліп, оның еркін қолданылуының сот төрелігін жүзеге асырудағы орны ерекше, рөлі зор екені сөзсіз. Сондықтан, қазақ тілінде сөйлесу, қазақ тілінде іс жүргізудің рөлі аса маңызды.
Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау аясында судьялар мен қызметкерлер бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жасап, газет-журнал беттеріне тіл туралы мақалалар шығарып, тиісті жұмыстар атқаруда. Мемлекеттік тілдің өрісін насихаттау және оны қоғамдық өмірдің түрлі салаларында қолдану аясын кеңейту жұмыстары да бүгінгі таңда жан-жақты жүргізілуде. Осы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Тараз қаласы №2 соты өзінің жұмыс жоспары және облыстық соттың тапсырылған жоспарлары бойынша біршама іс-шаралар атқарды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін облыстық және республикалық басылым беттерінде 4 мақала жарық көрді, ұжымдық масштабта судьялар тарапынан 2 семинар-сабақ өтті, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер, ішкі істер органдары, сот орындаушылары, түзеу мекемелері мен адвокаттар арасында 2 мәрте дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Өзге мекемелер мен соттар арасында кіріс-шығыс құжаттарын, ішкі құжат айналымын мемлекеттік тілге көшіру үшін жұмыс жасау тұрақты қолға алынған.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында сотымызда 6886 кіріс құжаты тіркелсе, олардың 5980-і мемлекеттік тілде жүргізілген, пайыздық көрсеткіш - 86,84%. Ал шығыс құжаттар айналымында 8454 құжаттың 8419-ы мемлекеттік тілде дайындалып, пайыздық деңгей 99,59%-ды құраған. Соттың өзінің іщкі құжаттар айналымында 227 құжаттың 216-сы мемлекеттік тілде ресімделіп, 95,15%-ды құрап отыр.
Жоғарыдағы статистика 2024 жылдың 6 айы бойынша ғана көрсеткіш және осының өзі жыл бастауы бойынша нәтижелі деп айтуға болады. Алайда, әлі де болса мемлекеттік тілге көшу бағытында атқарылар жұмыс көл-көсір. Шығыс құжаттары мен ішкі құжаттар айналымының деңгейі жақсы, ал кіріс құжаттары бойынша әлі де болса жан-жақпен жұмыс жасауды жаңғырту қажеттігін көрсетіп отыр. Демек бұл орайда соттың атқаратын жұмыстары мен тапсырмалары әлі көп. Сол үшін де сот тынысы мен жұмысы тоқтамақ емес.
Тараз қаласы №2 сотының төрағасы Е. Дүйсенбаев