Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасында сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған жағдайларда басқа да тілдер қолданылады.
Басқа тілдерді қолдану қажеттілігіне белгілі бір тілде процестік әрекеттерді жасау мен шешімдерді қабылдау сот ісіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын барынша қамтамасыз ететін мән-жайлар жатады.
Сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілде болған әңгімелерді жете түсінбейтін немесе жеткілікті дәрежеде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, сұрақтарға жауап бергенде, ауызша және (немесе) жазбаша тілде басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жататындығын назарда ұстаған жөн.
Процесті жүргізетін органдар сот ісін жүргізуге қатысатын адамдарға істің олар үшін қажетті, басқа тілде жазылған материалдарын сол адамдар білетін немесе түсінетін тілдерге өтеусіз аудару және аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығын қамтамасыз етуге тиіс.
Іс қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі-оңын қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және соған орай іс қағаздарының қазақша жүргізілуі.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы- Ш.Р.Фазылова.