Әдеп дегеніміз жақсы тәрбие, адамдармен жақсы мәміледе болу, көркем мінезді, ар-ұяттылық, сыпайылық, көркемдік деген сөз. Әдеп – ешбір ұры ұрлай алмайтын құнды қазына. Әдеп – адам мен жануарды ажырататын айырмашылық.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керек, осыны тайға таңба басқандай айқындап берді. Осы арқылы мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар жоғарылады. Ол жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деген бес бөлімнен тұрады.
«Бұл кодекстің бізге қажеті қанша?» деген сауалға жауап көп. Иә, әдеп қазақта бұрын да болған, қазір де бар, бола береді де. Бірақ дәл осы нормалардың барлығы мемлекеттік қызметшілердің бойынан табылуы үшін бізге Әдеп кодексі қажет болатыны анық. Негізінен оның басты міндетіне келсек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеуге қолғабыс боларын тез түсіне қоямыз.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылдың 29 желтоқсандағы № 153 «ҚР мемлекеттік әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі(Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) бекітілген. Әдеп кодексі қабылданып, Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы да пайда болды. Ұлт жоспарында қамтылып, белгілі бір қадамында оған ерекше тоқталудың мақсатын қазір түсіндіру де артық болар, бәлкім. Олай дейтінім, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметте мемлекеттік қызметкердің әдебі маңызды рөл атқарады. Неге олай? Бұл шындығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда айрықша маңызға ие. Ал мемлекеттік қызметкердің бойында әдеп болмай бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру мүмкін емес те.
Иә, елімізде Әдеп кодексі қабылданғаннан бері,қабылданған Әдеп кодексі арқылы неге қол жеткіземіз? Бұл сауалдың да түйінін тарқатсақ, жазылар дүние көп. Біріншіден, бұл заң қызметтік әдеп нормаларының бұзылуына жол бермейді. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына жол ашылады. Дәл осы Әдеп кодексі аясында моральдық-әдептілік нормаларына сай өзара қатынастар мәдениеті қалыптасады.Жалпы қазақ әдепті болуды отбасында баласының бойына тәрбие арқылы сіңірді. Себебі отбасында айтылған әдептің ертең ел болашағында маңызды рөл атқаратынын түйсігімен түсінді. Әдеп арқылы мемлекеттік қызметкердің мінез-құлқында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасады. Мемлекеттік қызметшінің білімі мен білігін жетілдіруге даңғыл жол ашылады. Ұжымдық моралдық әдептілік нормаларына сай өзара қатынастар мәдениет те әдеп арқылы қалыптасары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінде қамтылған нормаларды сақтай отырып, жұмыс жасағаны абзал. Сонда ғана халық пен билік арасы жақындап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға жол ашылады.
Президент неге «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға тиіспіз дейді? Бұл бірінші кезекте халық пен билік арасындағы алшақтықты жақындатады. Ал өзара түсіністік қалыптасқан қоғамда жүйе боларын айтпаса да жақсы білесіздер. Бірақ оның жүзеге асуына басты себеп осы әдеп екенін ұмытпаған абзал. Себебі Әдеп кодексінде көрсетілген барлық нормаларға сай жұмыс жасаған мемлекеттік қызметші өз саласында сыбайлас жемқорлыққа да мүлде жол бермейтіні анық.
Еліміздің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар ождан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет-халыққа қызмет »-деп Елбасы белгілеп берген ұран аясында елге деген адалдықтың ақ туын абыроймен ұстануымыз қажет.
А.К.Ыхынова Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Жамбыл облысы Әділет департаментінің «Тараз қаласының мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі» филиалының сот орындаушысы