Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.
Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 30-бабында Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылатыны көрсетілген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган (лауазымды тұлға) күдіктіге (айыпталушыға) оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғаушының көмегіне жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.
Заңнамаға сәйкес сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті дәрежеде білмейтін іске қатысатын адамдардың ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, сотта сөз сөйлеу құқықтары қамтамасыз етіледі және қорғалады.
Сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілде болған әңгімелерді жете түсінбейтін немесе жеткілікті дәрежеде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, сұрақтарға жауап бергенде, ауызша және (немесе) жазбаша тілде басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жататындығын назарда ұстаған жөн.
Процесті жүргізетін органдар сот ісін жүргізуге қатысатын адамдарға істің олар үшін қажетті, басқа тілде жазылған материалдарын сол адамдар білетін немесе түсінетін тілдерге өтеусіз аудару және аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығын қамтамасыз етуге тиіс.
ҚПК-нің 81-бабы бірінші бөлігінің, АПК-нің 39-бабы екінші бөлігінің және ӘҚБтК-нің 758-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес аудармашы ретінде іске қатысып отырған органдар мен адамдардан қызмет бабы бойынша тәуелсіз, іс үшін маңызы бар мән-жайларды аударуға біліктілігі жеткілікті мүдделі емес адам тартылады.
Процеске қатысушылар білетін тілде сот ісін жүргізуге және осыған орай аудармашының қатысуына байланысты шығындар іске қатысушы адамдардың өздері білетін белгілі бір тілді пайдалану құқықтарын іске асыру үшін кедергі бола алмайды.
Тараз қаласы №2 сотының судьясы А.Қорабаева