1989 жылы елімде қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, «Тіл туралы» заң қабылданды
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде құқықтық негізі 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады. Ата заңымыздың 7 бабының 1 тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқындалған.
Қазақ тілі – барлық мемлекеттік органдардың іс жүргізу саласындағы негізгі тіліне айналды. Дегенмен, Ата заңымызда қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарды жүргізу тілі мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі болып табылатындығы тайға таңба басқандай айтылса да, ол өз дәрежесінде орындалмай келеді.
Сот ісін жүргізуде де мемлекеттік тілді қолдану аясы өз дәрежесіне жеткен жоқ. Рас, сот саласында жоғарыда атап өткендей кеңсе құжаттары мен іс-қағаздары, нұсқау, өкім, қатынас хат секілді құжаттар мемлекеттік тілде атқарылады. Алайда, кез келген істі мемлекеттік тілде жүргізе алмайсың және бұл ретте судьяларды істі мемлекеттік тілде қарамады деп те кінәлай алмайсың, себебі кез келген істі қарау заңмен белгіленген норма бойынша жүргізілуі тиіс. Яғни, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 14 бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілі туралы көрсетілген.
Сотқа талап қою қай тілде түссе, сот ісі сол тілде жүргізіледі. Демек, мемлекеттік тілді дамыту, қолдану аясын кеңейту Қазақстан Республикасының әрбір азаматына байланысты, яғни сотқа талап қою берілгеннен бастап істі жүргізудің алғы шарттары айқындалады. Сондықтан осы кезеңнен бастап жоғарыда аталған арыздар мемлекеттік тілде берілсе – іс сол тілде жүргізіледі.
Алайда, сотқа келіп түсетін арыздардың, шағымдардың бірен-сараны болмаса, негізінен тек ресми тілде жазылады. Осы себепті істердің басым бөлігі ресми тілде жүргізіледі. Заңгерлердің қазақ тілін жетік білген жағдайда ғана сот ісін қазақ тілінде жүргізілуінің саны артады.
Туған тілімізді білу, оны ұрпақ санасына сіңіру, мемлекеттік деңгейде толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету әрбір азаматтың міндеті.
Р. ЯСАРОВА, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы