Главные новости сегодня

Тараз
Курс:
К сведению 30 ноя, 17:29

Жекеше айыптау шағымдарын беру және оларды қарау тәртібі.

Жекеше айыптаушы - жекеше айыптау ісі бойынша сотқа шағым берген және сотта айыптауды қолдаған адам, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда сотта айыптауды дербес қолдаушы жариялы және жеке-жариялы айыптау ісі бойынша жәбірленуші. Жекеше айыптаушы оған тиесілі құқықтарды пайдаланады және өзіне жүктелген міндеттерді жеке немесе, егер ол құқықтар мен міндеттердің сипатына сәйкес келсе, өкіл арқылы атқарады. 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі — ҚПК) 32-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстерге жататын жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу, 47 тарауда белгiленген алып қоюларды қоспағанда, осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.

Жекеше айыптауды тұлға (бiрнеше тұлға) сотқа, соттылық туралы қағидаларды сақтай отырып, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды.

Шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады.

Шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы өтiну, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәлiметтер; сотқа шақырылуы қажеттi куәлардың тiзiмi қамтылуға тиіс.

Шағымға оны берген адам қол қояды.

Анонимді шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды.

Егер шағымға талап арыз және талап қоюдың талаптарын растайтын қажетті материалдар қоса берілсе, шағымда азаматтық талап қоюды қарау туралы өтiну де қамтылуы мүмкiн. Шағым сотқа істің аумақтық тұрғыдағы соттылығына сәйкес, өздеріне қатысты жекеше айыптау iсi қозғалатын адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен бірге берiледi.

Егер жекеше айыптауды бiрнеше тұлға нақ бір адамға қатысты қозғаса, олар бір шағымды бірлесіп немесе әрқайсысы бiр-бiрiнен тәуелсiз жеке түрде бередi.

Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген тұлға жекеше айыптаушы және жәбірленуші болып табылады және оған ҚПК-ң 72-бабында және 410-бабының үшінші және төртiншi бөлiктерiнде көзделген құқықтар түсiндiрiлуге тиiс, бұл туралы судья және шағым берген тұлға қолдарын қойған хаттама жасалады.

Егер нақ бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекетке қатысты жекеше айыптауды қозғауға бiрнеше тұлға құқықты болса және ол олардың бiреуiнiң арызы бойынша қозғалған болса, қалған тұлғалар басталып кеткен iс жүргiзуге қатысуға құқылы.

Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының арызы бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi. Егер бұл iс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң нысанасына байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге құқылы.

Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Айыптауды кері қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге әсер етпейдi.

Егер жекеше айыптау бұрын кері қайтарып алынған болса, ол қайтадан қозғалмайды.

Егер берiлген шағым ҚПК-ң 408-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес келмесе, судья өзінің қаулысымен оны берген тұлғаға шағымды осы талаптарға сәйкес келтiрудi ұсынады және бұл үшiн мерзiм белгiлейдi.

Нұсқау орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген тұлғаны бұл туралы хабардар етедi.

Көрсетілген мән-жай бойынша шағымды қабылдаудан бас тарту қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі шегінде сотқа осындай шағымды қайтадан беруге кедергі келтірмейді.

Судья жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарап, үш тәулiк iшiнде:

1) шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы;

2) шағымды оның тергеулігi немесе соттылығы бойынша беру туралы;

3) шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

Егер шағым ҚПК-ң 408-бабының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе және осы соттың соттылығына жататын болса, сот оны өз іс жүргізуіне қабылдайды.

Егер шағым осы соттың соттылығына жатпаса немесе онда адамды ҚПК-ң 32-бабының екінші бөлігінде көрсетілмеген өзге іс-әрекеттерді жасады деп айыптау туралы өтіну болса, судья өз қаулысымен шағымды тиісінше – соттылығы бойынша сотқа немесе тергеулігі бойынша қылмыстық қудалау органына жібереді.

Егер шағымның авторы ҚПК-ң 409-бабы бірінші бөлігінің талаптарын орындамаса не ҚПК-ң 35-бабында көзделген, қылмыстық қудалаудың басталуы мүмкін бомайтын мән-жайлардың бар екені анықталса, судья өз қаулысымен шағымды қабылдаудан бас тартады.

Шағым бойынша қабылданған шешiм туралы қаулының көшiрмесi – арыз иесiне, ал осы баптың екiншi бөлiгiнiң 1) тармағында көзделген жағдайда айыпталушыға да жiберiледi.

Н. Дауылбаев Тараз қаласы №2 сотының судьясы